"Бірлік" Политикалық
партиясының ресми сайты

орысша | қазақша

Предвыборная программа

«БIРЛIК» САЯСИ ПАРТИЯСЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

 

Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!

 

ПАРТИЯНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

2016 жылы 20 наурызда барлығымыздың алдымызда маңызды конституциялық борышымызды орындау - Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейлердегі мәслихаттардың жаңа депутаттарын сайлау міндеті тұр.

Еліміздің келешегі - алыстағы қол жетпейтін перспектива емес, ол біздің таңдауымызға байланысты.

«Бiрлiк» саяси партиясының басты мақсаты Қазақстан халқы, оның үміттері, мүдделері мен ұмтылыстары болып табылады.

Біз өз елімізде өмір сүріп, бақытты болуымызға, еңбек етуімізге, балаларымызды тәрбиелеуімізге, ата-аналарымызға көмектесуімізге, Отанымыздың игілігі үшін пайдалы іс атқаруымызға мүмкіндік беретін нәрселерді таңдаймыз.

Біз қазіргі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанды таңдаймыз, өйткені мұнда әрбір адам өзінің іс-әрекеті үшін жауап береді, оқиды, жұмыс істейді және өзін-өзі жетілдіреді.

Біз қазақстандықтардың еркін әрі лайықты даму, меншігін қорғау, адам қауіпсіздігін, оның құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін қамтамасыз ету құқығының болуына ұмтыламыз. Осы мақсаттардың барлығы біздің сайлауалды бағдарламамызда өз көрінісін тапты.

         Біз қазақстандық қоғамның барлық әлеуметтік топтарынан шыққан, өзінің бағасын білетін және белсенді өмірлік ұстанымы бар, алуан түрлі кәсіп иелері мен әлеуметтік топтардан шыққан адамдарды біріктіреміз.   

Біз Қазақстанды әлеуметтік бағдарлы экономика мен қазақстандықтардың өмір салтына сай келетін адамгершілік қағидаттарға негізделген табысты, әділ, рухани бай қоғам етуге ұмтыламыз.

«Бiрлiк» саяси партиясының сайлауалды бағдарламасы қазақстандықтарды топтастыруды көздейді, оның ережелері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев қойған басты міндетке – әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру міндетіне сәйкес келеді. 

«Бiрлiк» партиясының құрамында 16 филиалға біріккен 53 мың адам бар. Бұл – бүкіл халықпен бірлесіп, еліміз үшін жарқын болашақ құру мақсатында бізге сенім беретін үлкен саяси күш. 

Ұсыныстарымызды алға тарта отырып, біз, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында табысқа жетуге қабілетті партия, Қазақстан азаматтарының, жалпы халықтың қолдауына сүйеніп, жүгінеміз.

 

  1. Барлық қиыншылықтардың бастауы –  экономикалық дағдарыс

 

         Парламент Мәжілісінің сайлауы жаһандық экономикадағы қиын-қыстау кезеңге сәйкес келуде. 

         Сонымен қатар, Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда дағдарыс неғұрлым жеңіл өтіп жатқаны байқалады, бұл ұлттық экономиканың мықтылығы мен тереңдігінің, алдын алу және тұрақтандыру шараларының дер кезінде қабылдануының арқасында қамтамасыз етілді.

         Мемлекет бірқатар шаралар мен жобалар кешенін іске асыруда, ол жобаларға «Бірлік» саяси партиясы жан-жақты практикалық қолдау көрсетуге дайын.

         Біз Мемлекет басшысы ұсынған Қазақстан мемлекеттілігін нығайтатын және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруге жағдай жасайтын 5 институционалдық реформаны қолдаймыз.

         «Бiрлiк» саяси партиясы өзінің алдына дағдарысты тез еңсеруге ықпал ететін міндетті қояды, біз өзіміздің принциптеріміз бен құндылықтарымызды басшылыққа ала отырып, сайлауалды бағдарламамызды қоғамның барлық прогрессивті күштерімен өзара бірлесе отырып, сындарлы негізде жүзеге асыруға ниеттіміз.

 

  1. Партияның принциптері мен құндылықтары

 

Біз:

       - Қазақстанның ілгерілеуі, игілігі мен күші оның азаматтарының бірлігінде екеніне сенетін партиямыз. Біз  бірге болуға тиіспіз;

         - Отанымыз – Қазақстан Республикасының  егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту үшін патриоттық борыш пен жауапкершілік арқалаған партиямыз;

       - демократияның, еркін нарықтың, әлеуметтік және мүліктік жағдайларға қарамастан заң алдында құқық пен теңдік ұлықтығы идеяларын ұстанатын прогрессивті күштер партиясымыз;

       - тұрақтылық пен жаңғырту, елдің отандық тәжірибе мен дәстүрлерге, болашақ ұрпақтың мүдделерін ескеруге негізделген проблемаларын кезең-кезеңмен және терең ойластырып шешетін партиямыз;

       - адам құқықтары мен бостандықтарының, еркін экономика мен ерікті қоғамның негіздері мен қайнар көзі ретіндегі жеке меншік институтына қолдау көрсететін және қорғайтын партиямыз;

       -  еркіндіктің мынадай барлық маңызды көріністерін: ой бостандығы, сөз бостандығы, жиналу бостандығы, дін тұту бостандығы және кәсіпкерлік бостандығын қолдайтын сенімді жақтастар партиясымыз;

              - саясаты адамды бассыздықтан қорғауға, әлеуметтік, ұлттық және діни шығу тегіне қарамастан барлық қазақстандықтар үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді құруға бағытталған әлеуметтік әділеттілік партиясымыз; 

         - әлеуметтік топтарды, ұлттарды, мәдениеттер мен діндерді қарама-қарсы қоюға жол беруге болмайды деп санайтын қоғамдық келісім партиясымыз;

         - халықтың тарихы, мәдениеті, дәстүрлері және адамдардың талай ұрпақтарының бірлесіп өмір сүру тәжірибелері арқылы жинақталған оның рухани игілігінің партиясымыз;  

          - еңбекті тұтынушылық пен масылдық өмір салтына қарсы жауапты борыш, адамгершілік шаралары ретінде танитын, оны аса маңызды қағида етіп ұстанатын партиямыз;

       - отбасына қамқорлықпен қарайтын, дәстүр бойынша өзінің бойына адамгершілік құндылықтарды, халықтың жетістіктерін жинайтын, жас ұрпақты осы құндылықтар арқылы тәрбиелейтін партиямыз.  Отбасы – біздің қоғамымыздың іргетасы;

       - біздің ортақ игілігімізге – қоршаған табиғи ортамызға, оны алуан түрлі қолайсыз факторлардан жүйелі түрде қорғауға құнттылықпен қарайтын партиямыз.

 

  1. Біздің бастамаларымыз бен ұсыныстарымыз

        

Экология саласында

 

Біз:

- қоршаған ортаны орнықты дамытуды, мұнда БҰҰ Бас Ассамблеясының «Экономикалық даму және табиғатты қорғау» қарарына (1962 ж.) сәйкес, қазақстандықтардың қазіргі ұрпағының өмірлік мұқтаждықтарын қанағаттандыруға болашақ ұрпақты осындай мүмкіндіктен айырмай қол жеткізу көзделеді. Біз келер ұрпаққа флорасы мен фаунасы сақталған таза Қазақстанды мұраға қалдырғымыз келеді;

- тек қалаларда ғана емес, сондай-ақ ауылдарда да таза ауыз суының болуын;

- табиғи ресурстарды үнемдеуді және халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа ұлттық парктерді, қорықтарды, табиғатты қорғау аумақтарын құруды, қоғамның орнықты дамуының негізгі экологиялық стандарттарын құруды;

- Экологиялық кодексті халықаралық актілерге сәйкес келтіруді;

- табиғатты қорғаудың инновациялық технологияларын, әсіресе жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды мемлекеттік тұрғыдан ынталандыруды;

- қоршаған ортаны қорғауға және экологиялық сараптамаға қоғамдық бақылау жасауды, экологиялық сақтандырудың алуан түрлі нысандарын ендіруді;

-  жасыл технологияларды енгізуді, өнеркәсіптік және аумақтық дамуды экологиялық қауіпсіз етуді, міндетті экологиялық аудитті енгізуді; 

- қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруды және экологиялық құқықтық сананы қалыптастыруды;

- браконьерлік үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді қолдаймыз.

 

Рухани білім беру саласы мен денсаулық сақтауда:

Біз:

- ғылым мен білімді жаңа нарықтық жағдайларға бейімдеуді, оларды әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялауды және білім беру жүйесін әлемдік стандарттар деңгейіне көтеруді; 

         - жоғары білікті жұмысшыларды, техниктерді және экономиканың заманауи салаларының басқа да мамандарын даярлау мақсатында қалалар мен ауылдық елді мекендерде бастауыш және орта арнаулы оқу орындары, колледждер желілерін кеңейтуді;

         - халықтың басым бөлігі үшін халықаралық стандарттарға сәйкес келетін тиімді әрі қолжетімді денсаулық сақтау жүйесін, ерікті медициналық сақтандыруды, аурулардың алдын алуды күшейтуді, саламатты өмір сүру салтын қалыптастыруды;

- қоғам тұрақтылығының және мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудің аса маңызды факторы ретінде этносаралық, мәдениетаралық және конфессияаралық келісімді;

         - мәдениет саласын қайта өркендетуді, мәдени-білім беру мекемелері желілерін кеңейтуді, тарихи ескерткіштер мен елге белгілі қазақстандықтардың есімін мәңгі есте қалдыруды;

         - мемлекеттік тілді дамытуды, оның қоғамды топтастырушы фактор ретіндегі қолданылу салаларын жүйелі түрде кеңейтуді;

- ұлттық салт-дәстүрлерді сақтаудың, жастарды дәстүрлі өнеге-ғибрат рухында тәрбиелеудің, келер ұрпаққа ата-бабаларымыздың баға жетпен өмірлік тәжірибелерін берудің сенімді тәсілі болып табылатын отбасы беделін жаңғыртуды;

- жастардың еркін дамуы, олардың экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен іске асыру, олардың әлеуметтік белсенділігін, инновациялық әлеуеті мен патриоттық сезімін дамыту үшін жағдай туғызуды көздейміз.

 

Экономикалық-әлеуметтік салада

 

Біз:

- дамыған елдердің қатарына кірудің шарты ретінде бәсекеге қабілетті экономиканы, ғылымды қажетсінетін өндірісті, заманауи ақпараттық технологияны; 

- экономиканың шикізаттық салаларын әртараптандыруды;

- кәсіпкерлік қызметті белсенді етуді, шағын және орта бизнесті дамыту үшін салық заңнамаларын әрі қарай жетілдіруді; 

         - ауылшаруашылық өндірісін жаңғыртуды, заманауи технологиялары бар жеміс консервілеу өндірісі мен ет-сүт өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп инфрақұрылымын құруды; 

          - ауыл кәсіпкерлігін белсенді дамытуды; 

- азаматтардың әлемдік стандарттарға сай келетін жоғары өмір сүру сапасын қамтамасыз етуді, мемлекеттің әлеуметтік функцияларын күшейтуді;

         - халықтың әлеуметтік қауқарсыз топтарына атаулы көмек көрсетуді күшейтуді;

- зейнетақы жүйесін реформалауды, зейнетақы мөлшерінің қызметкердің жалақысы мен еңбектегі үлесіне қарай есептелуін қамтамасыз етуді;

- барлық қажетті шығындар (пәтер ақы, киім, аяқ қиім, жуғыз заттар және т.б.) есептелуі тиіс тұтыну себетін қайта қарауды қолдаймыз.

ІV. Жалпыұлттық мақсаттарға жетудегі бірлік

 

Біз, «Бiрлiк» партиясы, Қазақстанға өмірлік маңызы бар қауырт өзгерістер уақыты келгеніне сенімдіміз.

Біз  өз миссиямызды қазақстандық қоғамды топтастырудан және дағдарыс қиындықтарын еңсеруге қабілетті экономиканы дамытуға, демократия мен құқықтық мемлекетті қалыптастыруға, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениеттің қазіргі заманғы жоғары деңгейіне жету үшін жағдай жасауға бағдар ұстаған саяси бағытты жүзеге асырудан көреміз.

Біз, «Бiрлiк» партиясы, барлық саяси партияларды, барлық азаматтарды ел мүддесін өзінің негізгі басымдығы ретінде қарауға және оның тағдыры үшін жауапты болуға шақырамыз.

         Біз барлық қазақстандықтар үшін ортақ іске – еркін, мықты және гүлденген Қазақстанды құруға өз үлесімізді қосуға дайынбыз.

 

«БIРЛIК» ҮШІН ДАУЫС БЕРІҢІЗ!

 

«БІРЛІК» САЯСИ ПАРТИЯСЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ

КЕЗЕКТЕН ТЫС ІІ СЪЕЗІНІҢ ҚАУЛЫСЫМЕН «БЕКІТІЛДІ»

                                                                  «5»ақпан  2016 жыл